$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.08.2020, 10:45
Экономика

Қазақстанда медициналық маска өндірісінің көлемі тәулігіне 1,2 млн данаға жетті

Бұл ішкі нарықтағы қажеттілікті толығымен өтейді

Қазақстанда медициналық маска өндірісінің көлемі тәулігіне 1,2 млн данаға жетті
Фото: gov.kz

7 айдың қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 23,2%-ға өсті. Өсім «Dolce-Pharm» ЖШС-да шығарылатын өнім көлемінің 67%-ға артуымен байланысты. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде аталмыш фармацевтикалық компания – еліміздегі медициналық маска өндіретін ірі кәсіпорын. «Dolce-Pharm» тоқылмаған материалдардан түрлі бетперделер шығарады.

«Мысалы, көмір сүзгісі бар қорғаныш маскаларда белсендірілген көмірден тұратын бірегей сүзгі материалы қолданылады. Бұл сүзгі материалының технологиялық ерекшелігі 99,5% таза көміртекті қамтиды және зиянды бөлшектерді сіңіре алады. Мұндай материалдың бір граммы 200 мг зиянды заттарды ұстауға қабілетті. Көмір сүзгісі бар бетперделер сүзгіш элемент арқылы зиянды бөлшектер, молекулалар мен вирустардың енуіне жол бермейді. Сүзу тиімділігі тіпті 0,01 мкм 99,9%-ға дейін болады. Көмір маскасының әдеттегіден айырмашылығы, адамды 4 сағат бойы қорғайды және онымен тыныс алу да оңай. Сонымен қатар, өндіріс ошағы 3 қабаттан тұратын бірреттік маскалар және Fish-Type бетперде респираторларын шығарады», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, бүгінгі таңда медициналық бетперделер өндірісінің көлемі тәулігіне 1,2 млн дананы құрайды, бұл ішкі нарықтағы қажеттілікті толығымен өтейді. Жыл соңына дейін фармацевтикалық компаниялар аталмыш көрсеткішті тәулігіне 1,5 млн данаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

7 айдың қорытындысы бойынша «Химфарм» АҚ-да өндіріс көлемі 9%-ға өсті. «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу ұлғайтылды. Қазіргі уақытта зауыт антибиотиктердің стерильді ұнтақтары, ампуладағы инъекциялық ерітінділер, инфузиялық ерітінділер, таблеткалар, капсулалар, сашадағы ұнтақтар, сироптар түрінде генерик дәрі-дәрмектерінің 113-тен астам түрін шығарады. Өндірістік процестің барлық кезеңі тестілеуден өтеді және микробиологиялық тазалыққа сертификатталады. Өнімнің сапасы қазіргі заманауи жабдықтармен жабдықталған компанияның зертханасында бақыланады.

 

Серіктес жаңалықтары