Шілдеде қазақстандықтар 113 келіден астам алтын құймаларын сатып алған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның тең жартысы Алматы тұрғындарының еншісінде

Биыл шілде айында Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерден ел тұрғындары жалпы салмағы 113,1 келіні құрайтын 2 712 дана алтын құймаларын сатып алған, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Алтын құймалары бес түрде ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында салмағы 10 г құйма ең көп сұранысқа ие.

Құймаларды сатып алу бойынша өңірлер арасында көшбасшы – Алматы қаласы (сатылған құймалардың жалпы санынан 54%), одан кейін Атырау (16%), Нұр-Сұлтан (10%) және басқа өңірлер (20%) болды.

«Кері сатып алуға жалпы массасы 3 кг құрайтын 114 өлшеуіш құйма қабылданды. Алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы», - делінген аталған хабарламада.

Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ, банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.