Бота Елеусізованың айтуынша, Қазақстан тәулік қоры 43,2 миллион текше метр жерасты суларының шамамен 3,5 пайызы ғана пайдаланып отыр
Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Бота Елеусізова премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үшін қазір де, болашақта да өзекті мәселеге айналатын су мәселесін қозғады. Біздің елдегі нақты проблемаларды атаған депутат оның шешу жолдарын да ұсынып, сөз сөйледі, деп жазады Azattyq Rýhy
«Қазақстан үшін су мәселесі – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де стратегиялық міндеті. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су ресурстарын толық әрі нақты есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті. Әрі Үкіметке су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды созбалаңға салмай, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды», - дейді депутат.
Елеусізова атап өткендей, бұл мәселе «Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген нақты міндет, яғни, су ресурстарын тиімді пайдалану міндетімен үндесіп отыр. Бірақ, депутат атап өткендей, дәл қазір Қазақстан жерасты су әлеуетін әлі де толық пайда асыра алмай отыр.
«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы. Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Сонымен қатар, 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар», - деді депутат өз сауалында.
Соның салдарынан, яғни, иесің ұңғымалардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына алып келеді және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.
«Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді. Біздің ұстанымымыз – жерасты су қорларын тек анықтап қана қоймай, оларды ғылыми негізде, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне жарату. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдаланған кезде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, су сапасы, минералдану деңгейі және нақты су алу көлемі міндетті түрде ескерілуі тиіс», - деді депутат.
Осыған байланысты депутат үкіметке бірнеше талап қойды:
«Жерасты сулары – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына мүмкіндік береді. Осы депутаттық сауалда көтерілген мәселелер бойынша қабылданатын шаралар, оларды іске асыру мерзімдері және күтілетін нақты нәтижелер туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», - деді ол.