Ұлттық банк төрағасы валютаның әлсіреу үрдісі тек Қазақстанда емес, дамушы елдердің біразында байқалатынын айтты
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкіметте 2020 жылдың 1-жартыжылдығындағы теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Дамушы елдер валюталарының әлсіреуі аясында теңгенің айырбастау бағамы осы жылдың шілдесінен бастап 10 тамызға дейінгі жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 404,07 теңгеден 418,31 теңгеге дейін, яғни 3,5%-ға әлсіреді.
Теңгенің әлсіреуі бір баррель үшін 40 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тіркелген мұнай бағасын белгілеумен тежеледі. 7 тамызда мұнай бағасы мұнай қорының төмендеуі және ОПЕК+ мәмілесінің сақталуы аясында бір баррель үшін 44,4 доллар деңгейінде бекігенін атап өтті Досаев өз баяндамасында.
Дегенмен, бюджетке кепілдік берілген трансфертті бөлу мақсатында Ұлттық қор активтерін конвертациялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөніндегі ұзартылған шаралар ұлттық валютаға қолдау болған.
Валютаның әлсіреу үрдісі тек Қазақстанда емес, дамушы елдердің біразында байқалады. Оған инвесторлардың коронавирустың екінші толқынына алаңдаушылығының артуы себеп.
«Мысалы, осы жылғы маусымның соңынан 10 тамыз аралығындағы кезеңде түрік лирасы 6,9%-ға, Индонезия рупиясы – 3%-ға, Аргентина песосы – 3,3%-ға арзандады. Жалпы үрдіс аясында Ресей рублі де 3,6%-ға әлсіреді, бұған бюджеттік ереже шеңберінде Ресей Федерациясы Орталық банкінің валютасын сатудың төмендеуі, негізгі ставка төмендегеннен кейін инвесторлардың федералдық қарыз облигацияларынан шығуы, сондай-ақ инвесторлар алған ресейлік компаниялар дивидендтерінің валютасына конвертациялау ықпал етті», - деп айтты Ұлттық банк төрағасы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан