Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млн тоннаға аз мұнай өндірілген
Қазақстанда биыл тоғыз айда 69,4 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млн тоннаға аз. Осылайша, биыл елде мұнай өндіру көлемі 8,3%-ға төмендеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл Қазақстанда мұнай өндіру ісі төмендесе де, басқа салаларда өндіріс көлемі артқан.
Жалпы, тау-кен өнеркәсібінің көлем индексі 95,7%-ды құраған. Дегенмен, пайдалы қазбалардың кейбір түрлерін өндіру артқан.
«Басқа пайдалы қазбаларды өндіру 12,7%, көмір өндіру – 6,6%, металл кендерін өндіру – 1,6% ұлғайды», – деді министр.
Ал өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі 13,8%, дайын металл бұйымдарын өндіру 34,8%, фармацевтикалық өнімдер өндірісі 30,9% артқан. Химия өнеркәсібіндегі өсім 23,4%-ды, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірудегі өсім 18,1%-ды құрады. Құрылыс материалдарын өндіру де 5,9%-ға өскен.
Металлургия саласындағы көрсеткіш біршама жақсарған. Қаңтар-тамыз айларында 97,3% болған нақты көлем индексі 98,2% дейін көтерілді. Қара металлургиядағы өсім 2,8% құрады.
«Оң динамикаға шығу үшін тау-кен металлургия кешенінің ірі отандық кәсіпорындарын шикізатпен және олардың өндірістік жүктелуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар әзірленіп, қабылдануда», – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар, мемлекет өндірісті дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландырып жатыр. Министрдің мәліметінше, басым салаларды қолдау үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне 540 млрд теңге бөлінген. Холдинг нарықтық қаржыландыруды тарту арқылы жалпы құны 6 трлн теңге болатын жобаларды қаржыландырған.
Олардың қатарында калий және азот тыңайтқыштарын, алюминий рулонын өндіретін зауыттар, астықты кешенді өңдеу кәсіпорны мен кірпіш зауытының құрылысы бар.