Мақала экономистер арасында қызу талқыланып жатыр
Жаһандық экономика, қаржы және инвестиция мәселелеріне маманданған «The World Financial Review» атты британдық іскерлік басылым Қазақстанның шикізаттық сектордан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп жатқаны туралы мақала жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Мақала авторы Қазақстан тәуелсіздік алғалы посткеңестік экономикадан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға дейінгі жолдан өткенін жазған.
Бұл ретте елдің табиғи ресурстарға бай болуы оның дамуында маңызды рөл атқарды: мұнай-газ секторы шетелдік капитал тартуға, экспорттық кірістер көлемін арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, шикізатқа негізделген модельдің кемшін тұсы да болды, ондаған жыл бойы ел экономикасының көрсеткіштері әлемдік шикізат бағасына тығыз байланысты болып, ал мұнайдан түсетін табысқа тәуелділік экономиканы әртараптандыру мүмкіндігін шектеді.
Авторлар Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтеді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және жеке кәсіпкерлікті кеңейту экономиканың жаңа өсу көздерін қалыптастырып, елдің шикізат нарықтарына тәуелділігін біртіндеп төмендетуге бағытталған.
Бұл өзгерістердің нәтижесі экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, жеті жылда 52,9%-ға өсті. 2021–2025 жылдары Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 114,2 млрд долларды құрады. Ал 2019–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 155,8 млрд долларға жетті.
Қазақстан халықаралық бизнеске арналған инвестициялық ұсыныстарын біртіндеп кеңейтіп келеді. Елдің дәстүрлі артықшылықтары – қуатты ресурс базасы мен Еуразияның ең ірі нарықтарының арасындағы тиімді орналасуы – қазіргі таңда өсіп келе жатқан ішкі нарық, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы, сондай-ақ логистикалық және цифрлық инфрақұрылымның дамуымен толықтырылып отыр.
Мақаланың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.