Құрылтайда Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) әріптестік туралы негіздемелік келісім талқыланды
Құрылтайда Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) әріптестік туралы негіздемелік келісім екінші оқылымда қабылданды. Келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру салаларына алдағы бес жылда шамамен $6 млрд тартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісімді Құрылтай депутаттарына Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
Құжатқа биыл ақпанда АИИБ президенті Цзоу Цзяйидің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған. Келісім аясында мемлекеттік кепілдікпен қаржыландырылатын жобаларда Банктің сатып алу, экологиялық, әлеуметтік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын қолдану көзделген.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, келісім қаржыландыру көздерін кеңейтіп, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.
«Келісім арқылы Қазақстан ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына қол жеткізеді. Бұл мемлекетке басым жобаларды іске асыру кезінде қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, бюджетке түсетін жүктемені оңтайландыруға және жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық стандарттарды қолдану жобалардың ашықтығы мен сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді», – деді министр.
Келісім күшіне енгеннен кейін «Жезқазған–Қарағанды», «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын», «Атырау–Доссор» және «Мойынты–Қызылжар» бағыттарындағы автомобиль және теміржол жобаларын іске асыру бойынша жұмыс басталады.
Қазақстан АИИБ-тің негізін қалаушы елдерінің бірі. Тараптар 2016 жылдан бері ынтымақтастық жасап келеді. Осы уақыт ішінде энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық бағыттарында 7 жоба іске асырылған.