Үкімет Астананы одан әрі дамыту үшін өз резервінен 16,2 млрд теңге бөлді: бұл ақша қалай жұмсалады

Автор: Бақыт Шынар

Қалада бірнеше жаңа су инфрақұрылымы салынбақ

Фото: istockphoto.com

Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл ақшаның жартысы қаланың су инфрақұрылымын, жартысы энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

«16,2 млрд теңгенің 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға арналған. Атап айтқанда, Астананың Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңарады. Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Ал, жалпы қаражаттың 7,5 млрд теңгесіне «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, екінші «Астана-Энергия» жылу электр орталығындағы  №1 турбоагрегаты жаңармақ.