Жамбыл облысындағы 400 шақырым суары каналын жөндеу үшін Ислам даму банкі ақша бөледі

Автор: Бақыт Шынар

Министрлік қаржыландырудың көлемін жариялаған жоқ

Фото: istockphoto.com

Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл облысындағы 400 шақырым суару каналын реконструкциялай бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірақ, министрлік қаржыландырудың көлемін жарияламаған.

Жалпы, министрліктің мәліметіне сүйенсек, Ислам даму банкі айиақтағы «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасына ақша бөлген көрінеді. Жобаның бірінші кезеңіне Ново-Михайлов каналы кірген. Байзақ ауданында осы жоба аясында жалпы ұзындығы 64 шақырымнан асатын 17 каналды жөндеу және қайта жаңғырту көзделген. Жобаларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Жамбыл облысы бойынша жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырым болатын 71 жоба аяқталады деген дерек бар.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ирригация каналдарын салу және реконструкциялау жобаларының барысымен танысқаны хабарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше хабарлағынымыздай, Жамбыл облысындағы 89 каналды жөндеу үшін халықаралық банктер ақша беретіні белгілі болып отыр.