Екі тарап арасындағы тауар айналым былтыр 45 млрд долларға жеткен
Қазақстан Республикасының рремьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жиында инвестициялық ахуалдың өзекті мәселелері, техникалық стандарттар мен реттеуші тәсілдерді үйлестіру, кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Кейінгі жылдары Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы $45,2 млрд жеткен. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі $12,4 млрд, бұл ретте қазақстандық экспорт $9,27 млрд болған.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. бүгінде біздің әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді», - деді Бектенов отырыста.
Отырыс барысында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алешка Симкич, Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне, Қазақстанның Еуропалық бизнес-ассоциациясы (EUROBAK) төрағасының орынбасары Диас Асанов, Confindustria-ның Орталық Азия мен Кавказ бойынша бас директоры Ливио Мацуокколо және Xcalibur Smart Mapping компаниясының басқарушы директоры Саид Сұлтановтар баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.