Жаңа технологиялар ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық ықпалдастық пен ынтымақтастықтың қуатты тетігіне айналуы тиіс
Қазақстан президенті өз сөзінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені әзірлеу және қабылдау ісіне қолдау көрсеткені үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын. Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс. Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсынысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз. Аталған құжаттың басты мақсаты – Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол одаққа мүше елдердің президенттеріне алғыс айтты.
«Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар форумның пленарлық сессиясында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.