Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкнотаны таныстырды

Ұлттық банк сондай-ақ 500 теңгелік банкнотаны жалған ақшаны ажырату жолдарын көрсетті

Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкнотаны таныстырды
Фото: Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкі «Сақ стилі» сериясындағы жаңа 500 теңгелік банкнотаны таныстырды. Ол 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл «Сақ стилі» сериясындағы бесінші банкнота. Серия дизайны қазақ ою-өрнегінің бастауына айналған сақ мәдениетінің көркем элементтеріне негізделген. Онда көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап қазіргі Қазақстанға дейінгі ел мұрасы көрініс тапқан.

Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі банкнотаның түпнұсқалығын өз бетінше тексеруге көмектесетін қарапайым ережелерді еске салды. Мұндай тексеру жалған ақша мен шынайы банкнотаны ажыратуға мүмкіндік береді.

Банкнотаның қорғаныш элементтері туралы

Банкнотада бедерлі эффект беретін арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы алтын түстес металл бояумен жоғары бедерлі етіп бейнеленген.

Банкнотаның алдыңғы бетінің шеттерінде саусақпен ұстағанда анық сезілетін шығыңқы бедерлі элементтер орналасқан. Бұл – көру қабілеті әлсіреген адамдарға арналған арнайы белгі.

Сондай-ақ банкнотада монохромды қорғаныш жіп қолданылған. Ол банкнота бетіне үзік сызық түрінде шығып тұрады, ал жарыққа тосып қарағанда тұтас жіп ретінде көрінеді. Банкнотаны әр қырынан қисайтқанда көгілдір түстің қозғалыс әсері байқалады.

Қорғаныш элементтерінің бірі – локалды сутаңба, яғни электротип. Жарыққа тосып қарағанда номинал бейнесі анық көрінеді.

Номиналы 500 теңгелік банкноттардың қорғаныш элементтері туралы ақпараттық материалмен ҚҰБ YouTube арнасында танысуға болады.