Атырау облысының мұғалімдері жалақысыз қалуы мүмкін: Әділ Жұбанов қаржы дағдарысын айтып, дабыл қақты

2025 жылы Атырау облысының бюджетінен 178,1 млрд теңге алынған

Атырау облысының мұғалімдері жалақысыз қалуы мүмкін: Әділ Жұбанов қаржы дағдарысын айтып, дабыл қақты
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Атырау облысының бюджеті қиын жағдайда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, бүгінде ел қазынасына қомақты үлес қосып отырған Атырау облысының өзі қаржы тапшылығына тап болып, әлеуметтік міндеттемелерді орындау қиынға соғып отыр.

«Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылаған кезде-ақ, Атырау облысы кірісінің болжамы қаншалықты дұрыс деген сұрақты бірнеше рет көтергенімді ерекше атап өткім келеді. Ұлттық экономика министрлігі бекіткен көрсеткіштердің орындалуына сол кездің өзінде күмән келтірген едім. Өйткені облыстың кірісін қолдан өсіріп көрсету арқылы аймақ бюджетінен алынатын қаражат көлемі еселеп артып кетті», – деді Әділ Жұбанов.

Оның сөзінше, министрлік болжам жасағанда негізгі факторларды ескермеген.

«Бұл ретте министрлік ең басты факторларды есепке алмады. Олар: Теңіздегі үлкен жобаның аяқталуы, аймаққа бұрынғыдай жаңа инвестицияның келмеуі, арнайы экономикалық аймақтағы салық жеңілдіктері, салық заңнамасының өзгеруі және Теңіз жобасы бойынша келісімшарттың өзіндік ерекшеліктері. Осы қате есептің салдары бүгін анық көрініп тұр», – деді депутат.

Мәжіліс депутатының мәліметіне сенсек, 2025 жылы Атырау облысының бюджетінен 178,1 млрд теңге алынған болса, 2026 жылы бұл сома 47 пайызға өсіп, 262,4 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар облысқа бөлінетін нысаналы трансферттер көлемі 71 млрд теңгеден 13 млрд теңгеге дейін қысқарған.

«Облыстың 2026 жылға арналған бюджеті 1 трлн 145,5 млрд теңге көлемінде бекітілген еді. Алайда алғашқы төрт айдың өзінде кіріс жоспары 80 млрд теңгеге орындалмай қалды. Сәуір айында облыста 28 млрд теңге, ал мамырда 31 млрд теңге ақша жетпей қалды, ал қаржы тапшылығы әлі де өсіп барады», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, қаржы тапшылығы салдарынан өңірде мұғалімдер мен мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы мен демалыс ақысын уақытында төлемеу қаупі туындаған.

«Осының кесірінен аймақта білім, мәдениет, спорт қызметкерлерінің жалақысы мен демалыс ақысын уақытында төлей алмау, жылыту маусымына дайындықты дер кезінде жасай алмау және бұрын басталған инфрақұрылымдық жобаларды тоқтатып алу қаупі туындап отыр», – деді Әділ Жұбанов.

Сондай-ақ ол облыс әкімдігінің дерегін келтіріп, бюджетке түсетін негізгі салықтардың айтарлықтай азаятынын айтты.

«Тек мүлік салығынан 152,2 млрд теңге, мұнай өнімдерінің акцизінен 94 млрд теңге, жеке табыс салығынан 111,4 млрд теңге, ал корпоративтік табыс салығынан 12,2 млрд теңге бюджетке түспей қалады деп күтілуде», – деді депутат.

Ол қазіргі жағдайды «жай бюджеттік қателік емес, бюджетаралық жоспарлаудағы жүйелі кемшілік» деп бағалады.

«Бұл қателік қазірдің өзінде еліміздің базалық аймақтарының біріне тікелей әлеуметтік және экономикалық қауіп төндіріп отыр», – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Әділ Жұбанов Үкіметтен Атырау облысы бойынша жасалған кіріс болжамына қызметтік және әдістемелік тексеріс жүргізуді, облыстан республикалық бюджетке алынатын қаражат көлемін қайта қарауды және жетіспейтін кірісті республикалық бюджет есебінен өтеуді сұрады.