Бүгін премьер-министр Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының өкілдерімен кездесті
Премьер-министр Олжас Бектенов қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азиядағы ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар жетекші қытайлық компаниялардың бірі – Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесі төрағасы Дай Даогомен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу бұған дейін өткен диалогтің жалғасы болды, оның қорытындысы бойынша Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы инвестициялық келісім жасалды.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратып отырған ақпаратқа сай, бұл жобаға 145,5 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жобаның маңызды екенін айтып, еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген басымдықтардың бірі – қоршаған ортаны қорғау екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметтің алдында инвестициялар мен озық технологияларды тарта отырып, экологиялық жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр.
«Елдеріміздің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырза бізге экономикалық қатынастарды дамыту үшін зор мүмкіндіктер жасап отыр. Қытай Халық Республикасы – біздің негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Hunan компаниясының Қазақстан нарығына келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің былтырғы кездесуіміз барысында еліміз үшін осы маңызды жобаға жақсы серпін берілген болатын», - деді Бектенов.
Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого зауыт құрылысы 29 мамырда басталатынын айтып, екі жыл ішінде салынып бітеді деген үмітін айтты.
«Біз екі жыл ішінде барлық жұмыстарды толық аяқтайтынымызға сенімдіміз. Қазақстан Президенті мен Үкіметі тарапынан елдің “жасыл” дамуына қатысты үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Біз Қазақстанның “жасыл” дамуына және инвестиция тартуға нақты үлес қосатын ірі жоба болу үшін ұмтылып, сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого.