Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жобаны «шикізаттық бағыттан арылудың қадамы» деп атады
Ақмола облысында астықты терең өңдейтін ірі зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойылды. Билік бұл жобаны Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ауқымды өндірістердің бірі деп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мәселе тек жаңа зауыттың салынуында емес. Бұл қадам арқылы Қазақстан шикізат сататын ел күйінде қалмай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын экономикаға өте алу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін.
Жоба Аршалы ауданында «Азия Алтын Дән» компаниясы арқылы жүзеге асады. Облыстың әкімдігі таратқан мәліметке сай, өндіріс шамамен 3 мың жұмыс орнын ашып, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл жобаны «шикізаттық бағыттан арылудың қадамы» деп атады.
Шынында, Қазақстан ондаған жыл бойы астықты көбіне шикізат күйінде экспорттап келді. Яғни ел бидай сатады, ал оны терең өңдеп, крахмал, биоэтанол, глютен, сироп сияқты қымбат өнімге айналдырып пайда табатындар өзге елдер. Енді Үкімет бұл модельге өзгеріс енгізбек.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Қазақстанда қазір астықты терең өңдейтін үш қана кәсіпорын бар. Олардың жалпы қуаты 510 мың тоннаны құрап отыр. Бұл көлем астық өндіретін ірі аграрлық мемлекет үшін әлі де аз.
Соңғы екі жылда Қазақстанда шамамен 27 млн тонна астық жиналған. Өткен маусымда экспорт көлемі 15,3 млн тоннаға жетті. Бірақ экспорттың басым бөлігі әлі де шикізат түрінде кетіп жатыр.
Президент бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін қойған. Жаңа зауыт осы мақсатқа жауап беретін жобалардың бірі ретінде көрсетіліп жатыр.
Билік өкілдерінің сөзінше, өндіріс тек экспортты арттырмай, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, жаңа технология тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның астық нарығындағы рөлін өзгертуді көздейтін стратегиялық қадам ретінде де сипатталып отыр.
Қазір Ақмола облысында жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылған. Бірақ сарапшылар инвестиция көлемінен бұрын оның нақты өндіріс пен экономикаға қалай әсер ететіні маңызды екенін айтады.