Бүгінгі таңда порталдың 4 мың қолданушысы бар
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі» комиссия отырысында «Ашық бюджеттер» порталы туралы халықты кеңінен ақпараттандыру қажет екенін айтты. Қаржы министрлігіне қарасты мемлекет бюджетінің қайда және қалай жұмсалып жатқаны туралы мәлімет беріп отыратын порталдың бүгінгі таңда 4 мың қолданушысы ғана бар.
«Бұқара халық мемлекет бюджетінің қайда жұмсалып жатқанын ашық бақылап отыруға болатын портал бар екенін білмейді. Бізде осындай порталдың бар екені туралы насихат кеңінен жүргізілуі тиіс. Бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Себебі, көп мәселе халықтың түсінбеуінен, ақпаратты дұрыс алмауынан туындап жатады. Жалпы, қазіргі таңда мемлекет қаражаты қалай жұмсалып жатыр, оның тиімді жұмсалуы, әр жобаның жүзеге асырылуы мен оған жұмсалған қаражат біздің азаматтарымызды мазалайды. Сондықтан портал туралы ақпараттық насихат жұмыстарынан кеңінен жүргізіңіздер, қажет болса бізде өз тарапымыздан барынша көмектесетін боламыз» - деді Балаева.
Президенттің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына және мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын операциялық бағалау әдістемесіне сәйкес «Мемлекеттік органның ашықтығы» бағытын бағалау үшін құрылған портал сервисінде күні бүгінге дейін 315 млн құжат өңдеуден өткен.
«Ашық бюджеттер» порталының атқарған жұмысы туралы баяндама оқыған Қаржы министрлігінің өкілі Руслан Сәтбайұлы бүгінгі таңда порталдың 4 мың қолданушысы бар екенін айттын.
«Бүгінгі таңда «Ашық бюджеттер» порталы жүйесіне 1125 мемлекеттік мекеме және 4 мың қолданушы қосылған. Портал іске қосылғалы 73 532 бюджетті жоба бағдарламасының есептері мен ол жобаларға бөлінген қаражаттардың қайда жұмсалғаны туралы мәліметтер жарияланған. Жалпы, министрлік өтпелі бизнес процесін жоспарлаудан бастап, бюджеттің игерілуіне дейін автоматизациялауға ұмтылуда», - деді Қаржы министрлігінің өкілі.
Айжан Қалиева, Алматы