Отбасы банк қыз-келіншектерге ипотека беру үшін Азия даму банкінен 90 млрд теңге қарыз алады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қаражат «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын қаржыландыруға бағытталады

Фото: istockphoto.com

«Ұмай» бағдарламасының алғашқы кезеңінде екі мыңнан астам нәзік жан үйлі болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .

Бұл туралы банк басшысы Ләззат Еркінқызы мәлімдеді.  Аталмыш бағдарлама арқылы бұған дейін 3 660 әйел баспаналы болған еді.

«Ұмай» аясында қатысушылар дайын үйді де, құрылыс кезеңіндегі пәтерді де (КЖК кепілдігі немесе сақтандыру арқылы), сондай-ақ 2016 жылдан бері салынған екінші нарықтағы баспананы да сатып ала алады. Бір несие алып, оны үй алуға да,  жөндеу жүргізуге де жұмсауға болады.

Бағдарлама бойынша берілетін ең жоғары сома – 50 млн теңге (25 жылға дейін). Жөндеу жұмыстарына 15 млн теңгеге дейін несие беріледі.  

Ал «Жасыл ипотека» бойынша сатып алынатын тұрғын үй «жасыл стандартқа» сай келуі тиіс. Яғни , OMIR (күміс, алтын немесе платина) сертификаты болуы керек. Бұл бағдарламадағы шарттар мен несие сомасы «Ұмаймен» бірдей. Яғни, қатысушылар соңғы алты айдағы ресми табысын растауы тиіс. Баспананы тұрғылықты тіркеуге қарамастан еліміздің кез келген өңірінен сатып алуға мүмкіндік бар.  Сондай-ақ қатысушының атында басқа үйдің болуы да бұл ипотека түрлеріне кедергі емес.

Бағдарламалардың нақты қашан іске қосылатыны кейін хабарланады.