Коммуналдық инфрақұрылымды толық түгендеп, цифрлық паспорттау жасау керек – «AMANAT» депутаты

Автор: Бақыт Шынар

Осы арқылы бірыңғай мемлекеттік деректер базасын қалыптастыруға болады, дейді ол

Фото: Azattyq ruhy

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді қозғап, үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның бұл депутаттық сауалына «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі түрткі болған.

«Бұл саланың мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екені жасырын емес. Ол азаматтардың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Алайда, қазір бұл салада елдің энергетикалық және коммуналдық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін бірқатар проблемалардың бар екенін көрсетеді. Қазір энергетика саласы тозу деңгейі өте жоғары жағдайда жұмыс істеп отыр. Ұлттық жобаның іске асырылуын талдау барысында, сондай-ақ менің төрағалығыммен өткен Қоғамдық кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша бірқатар проблемалық мәселелер анықталды», - дейді ол.

Тұрғановтың дерегіне сүйенсек, елімізде коммуналдық инфрақұрылым толық түгенделмеген,  цифрлық паспорттау да әлі күнге дейін жоқ. Үкімет қаулысында деректерді «Е-Шаңырақ» жүйесіне енгізу талап етілгенімен, іс жүзінде нысандар мен инженерлік желілердің жай-күйі туралы шоғырландырылған әрі нақты ақпарат жоқ.

«Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптаспаған. Ел бойынша желілердің ұзындығы, олардың теңгерім ұстаушылары мен есепке алу құралдары туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық карта жоқ. «AMANAT» партиясы бұл мәселені бірнеше рет қозғағанымен, бүгінгі күнге дейін жүйелі шешім қабылданған жоқ. Табиғи монополия субъектілерінің цифрлық дайындығының төмендігі де алаңдаушылық туғызады. Көптеген кәсіпорындар ескірген IT-шешімдермен жұмыс істеп, Ұлттық жобада көзделген Smart Grid, Smart Metering және Smart Water технологияларын енгізуге дайын емес», - деді Тұрғанов.

Ал,  «Smart Turmys», «EnergyTech» және «WaterTech» цифрлық платформаларына қатысты құқықтық айқындық жоқ. Оларды енгізу мерзімдері, архитектурасы, іске асыру кезеңдері және интеграция талаптары туралы ашық ақпарат жоқ. Ашықтық мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Қазіргі уақытта МЭКС жобалары бойынша өтінімдердің мәртебесі мен қаржыландыру көлемдері туралы ақпаратты қамтитын бірыңғай ашық реестр жоқ.

«Үйге ортақ есепке алу құралдарына қатысты жағдай да күрделі. Олардың құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін реттелмеген: бұл құралдарды табиғи монополия субъектілері коммерциялық есепке алу үшін пайдаланады, алайда оларды күтіп ұстау және пайдалану міндеттері нақты бекітілмеген. Бұл тұтынушылар, ПИК және қызмет көрсетушілер арасында тұрақты даулар туғызып отыр. Осыған байланысты, заңнамалық деңгейде үйге ортақ есепке алу құралдарын коммерциялық есепке алу жүйесіне енгізілгеннен кейін ресурс жеткізуші ұйымдардың теңгеріміне беру нормасын бекіту қажет деп санаймын. Біз тиісті заңнамалық түзетулерді бастамалауға дайынбыз», - дейді ол.

Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің өткен жылғы «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде су есепке алу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы да бірқатар дау тудырып отыр, дейді депутат. Қабылданған нормалар жобалардың қымбаттауына және технологиялық тәуелділікке әкелуі мүмкін, ал өтпелі кезеңнің болмауы бұрын орнатылған есеп құралдарының заңдылығына күмән келтіреді.

«Бұдан бөлек, деректерді беру технологияларын тек NB-IoT стандартымен шектеу байланыс операторларының іс жүзінде монополиясын қалыптастырады. Мәселенің ауқымы мен қаржыландыру көлемін ескере отырып, қатаң үйлестіру, толық цифрлық ашықтық және жеке жауапкершілік болмаса, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру нақты нәтижеге жетпей, формалды сипатта қалып қоюы мүмкін», - дейді ол.

Осыған байланысты депутат үкіметке мынандай ұсыныстарын жолдады:

  • Коммуналдық инфрақұрылымды толық түгендеу және цифрлық паспортизация жүргізіп, бірыңғай мемлекеттік деректер базасын қалыптастыру;
  • «Smart Turmys», «EnergyTech» және «WaterTech» платформаларын қоса алғанда, ТКШ-ның бірыңғай цифрлық экожүйесін жедел құру және олардың мәртебесі мен операторын нақты айқындау;
  • МЭКС жобалары бойынша қаржыландыру мен іске асырылу мәртебесі туралы толық ақпаратты қамтитын ашық реестрді іске қосу;
  • ТКШ саласындағы деректерді басқаруға жауапты бірыңғай уәкілетті органды айқындау.