Экономика шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өндіріске бет бұрып жатыр
Елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтудың және тұрақты өсімді қамтамасыз етудің негізгі бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы күшейту, терең қайта өңдеуді жолға қою және технологиялық тұрғыдан күрделі өндірістерді дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Соның нәтижесінде ел экономикасында құрылымдық өзгерістер байқалып, өңдеуші сектордың рөлі айтарлықтай артып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңдеу өнеркәсібі біртіндеп күшейіп, бұрын экономиканың негізгі тірегі саналған тау-кен секторынан алғаш рет асып түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,7%-ға дейін өскен. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына бірнеше негізгі сала, дәлірек айтқанда, металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқалары серпін беріп отыр. Яғни, еліміз шикізат экспорттаушы ғана емес, дайын өнім өндіретін мемлекетке айналып келеді.
Былтыр Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім траекториясын сақтап, өндіріс көлемі 6,4%-ға ұлғайған. Өсім жекелеген бағыттармен ғана шектелмей, саланың барлық негізгі сегментін қамтыды. Ең жоғары серпін машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және химия салаларында байқалған. Машина жасау 12,9%-ға өсіп, өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі болды. Бұл, ең алдымен, автокөлік өндірісінің айтарлықтай ұлғаюымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен электр жабдықтарын шығару көлемінің артуымен байланысты.
Жалпы қазір елімізде отандық автомобиль өнеркәсібін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалған. 2025 жылы екі ірі автозауыт – KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan іске қосылды. Кәсіпорындар өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге сәйкес локализация деңгейін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттемелерді қабылдады. Көліктерді ұсақ бөлшектеп құрастыру үлесі артып, жинақтаушы бұйымдар өндірісі дамып жатыр. Сондай-ақ Үкімет автокөлік өндірушілерге жеңілдіктер беру механизмдерін түзетті.
Химия өнеркәсібінде де оң өзгерістер бар. Полимерлер мен тыңайтқыштар өндірісінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы мен басқа да салалардың дамуына тікелей әсер етіп жатыр. Ал құрылыс материалдары өндірісінің өсуі елдегі құрылыс қарқынының жоғары екенін аңғартады. Нарықта сұраныстың артуы цемент, құрылыс ерітінділері мен басқа да материалдар өндірісінің кеңеюіне жол ашты. Соның нәтижесінде отандық өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, кейбір бағыттар бойынша экспорттық әлеуетін де арттыра бастады.
Жеңіл өнеркәсіпте де өндіріс көлемі 13,2%-ға өсіп, жоспарлы көрсеткіштен асып түскен. Негізгі драйвер – тоқыма өндірісі. Бұл бағыт ішкі нарықты отандық өніммен қамтуда және импортты алмастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, халық тұтынатын тауарлар өндірісінің артуы экономиканың әлеуметтік бағыттағы тиімділігін де күшейтеді.
Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібінің мұндай қарқынмен дамуы Қазақстан экономикасының сапалы жаңа кезеңге өтіп жатқанын айғақтайды. Бұл бағыт елді тек шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім өндіруші мемлекет ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың тұрақтылығын арттыруға негіз болады. Алдағы жылдары осы үрдісті сақтап, өндірісті әртараптандыру мен технологиялық жаңғыртуды жалғастыру экономиканың басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.
Десе де өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары көрсеткіштерге қарамастан, премьер-министр Олжас Бектенов оның құрылымын әлі де өзгертуді тапсырды. Ол кейбір бағыттарда төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі көп екенін, қосылған құнның негізгі бөлігі экономикадан тыс қалып жатқанына назар аударды. Бектеновтің айтуынша, басты мақсат – жоғары деңгейде өңделген, технологиялық жағынан озық өнімдерді шығару. Бұл үшін жинақтаушы бөлшектер өндірісін дамыту, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру және еңбек өнімділігін көтеру маңызды.