2025 жылы экономикалық өсімнің төрттен бірінен астамын сауда саласы қамтамасыз еткен екен
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын ашты. Жиында 2025 жылдың қорытындысы шығып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі жазғандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда саласы еліміздің жалпы экономикалық өсімінің 26%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ішкі тауар айналымы 80 трлн теңгеге жетті. Салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шикізаттық емес экспорт $41 млрд құрады. Қызметтер экспорты 3,7%-ға өсіп, $12,3 млрд-қа жетті.
Серік Жұманғариннің айтуынша, сауда өндіріс, бизнес және тұтынушы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
«Біздің міндетіміз – қол жеткен қарқынды сақтап қана қоймай, сауда жүйесін тиімділік пен бәсекеге қабілеттіліктің жаңа сапалы деңгейіне көтеру. Министрлік реттеуші орган рөлінен белсенді даму драйверіне айналуы тиіс. Бұл үшін көтерме және бөлшек сауда айналымын ұлғайту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, «өндірушіден – сөреге дейінгі» тізбекті қысқарту, экспорт көлемін арттыру және сауданы көлеңкелі айналымнан жүйелі түрде шығару қажет», - дейді Жұманғарин.
Сондай-ақ, Жұманғариннің айтуынша, биыл «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге капиталданады.
«Биыл экономиканың нақты секторындағы жобаларды қаржыландыру үшін «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделіп отыр. Инвестициялық тапсырыс аясында қазіргі уақытта едәуір көлемде импортталатын тауарлар өндірісін кеңейтуге бағытталған шамамен 1,5 мың жобадан тұратын алдын ала тізім қалыптасты. Оның ішінде 500-ден астамы агроөнеркәсіптік кешенге, 400-ден астамы өңдеу өнеркәсібіне, қалғаны инфрақұрылым саласына тиесілі. Сауда және интеграция министрлігінің негізгі міндеті – осы жобалар шеңберінде өндірілетін өнімнің кепілді сатылымын қамтамасыз ету. Бұл – ауқымды жұмыс, сондықтан оны жүзеге асыру тетіктерін қазірден бастап нақтылау қажет», – деді Жұманғарин.