Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа жылу орталықтарын Қазақстан үкіметі өзі салатын болды

Автор: Бақыт Шынар

Үш нысан да 2029 жылдың соңына дейін салынып бітуі керек

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш жаңа жылу электр орталықтарына Ресейден инвестиция тартылмайтын болды. Үш нысанды да «Самұрық-Энерго» компаниясы өз мойнына алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзіне сенсек, бұл Қазақстан үкіметінің нақты шешімі.

«Үш жылу электр орталығы бойынша нақты шешім қабылдадық. «Самұрық-Қазына» тапсырыс беруші болып анықталды. Біз бүкіл еншілес компаниялармен инвестиция туралы келісімше қол қойдық. Консорциум құрылады», - деді ол брифинг кезінде.

Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын үкімет үш қаладағы жылу электр орталықтарын салу үшін Ресейден инвестиция алу туралы жоспар бар екенін мәлімдеген болатын.