Азық-түлік бағасы бір жылда 11 пайызға қымбаттап кеткен
Шілде айының қарсаңында маусымдық көкөністер арзандады, деп жазады Energyprom.kz порталы.
Атап айтқанда, қияр мен қызанақ, орамжапырақ бағасы төмендеген. Есесіне, картоп, алма, ашытқы және қарақұмық қымбаттады.
Жалпы, азық-түлік бағасы елімізде әр ай сайын қымбаттап келеді. Мәселен, маусым айында қымбатшылық мамырмен салыстырғанда 0,5 пайыздық өсімді көрсетсе, 2019 жылдың маусымымен салыстырғанда 11,1%-ға өсті.
Жаздың алғашқы айында әсіресе, картоп айтарлықтай, 9,6%-ға қымбаттаған. Мамандар мұның себебін нарыққа жаңа өнімнің келуімен байланыстырып отыр. Ал, дәл осы себеппен қызанақ 27,5 пайызға дейін арзандап кетті. Сондай-ақ, қияр – 19,6%, орамжапырақ – 14%, пияз – 6,5%, қызылша 4,8% арзандады. Жемістен алма бағасы 4,7 пайызға өссе, лимон 6,8 пайызға арзандады.