Депутат өнеркәсіптік қауіпсіздікті дербес құқық саласы ретінде бөлуді ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Ол премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған

Фото: скриншот

Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Арман Қалықов Қазақстандағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінің ахуалына алаңдап, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Депутаттың айтуынша, 2024–2030 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданғанына қарамастан, салада қордаланған жүйелі мәселелер шешілмей отыр. Атап айтқанда, тұжырымдамада көзделген ғылыми-техникалық орталық әлі күнге дейін құрылмаған, ал заңнаманы іске асыруға арналған нормативтік-құқықтық актілердің әзірлену тәртібі ашық емес.

Сонымен қатар Үкіметтің бастамасымен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаменттері таратылып, бұл тәжірибелі мамандардың кетуіне және салаға біліктілігі жеткіліксіз кадрлардың келуіне әкелген. Министрлік деңгейінде салалық сараптама, дерекқорлар мен жұмыс істейтін сараптамалық кеңестердің жоқтығы жағдайды одан әрі күрделендіруде.

Депутаттар халықаралық тәжірибені мысалға келтіре отырып, көптеген елдерде өнеркәсіптік қауіпсіздік азаматтық қорғау жүйесінен бөлініп, дербес құқық саласы ретінде дамып жатқанын атап өтті.

Осыған байланысты «AMANAT» фракциясы күрделі техникалық өндірістерге бейімделген тұтас реттеу жүйесін қалыптастыруды, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуді, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттің жауапкершілігін нақты ажыратуды ұсынды. Дәлірек айтсақ,

  • Күрделі техникалық өндірістердің ерекшеліктеріне бағытталған тұтас реттеу жүйесін қалыптастыру үшін құқықтық негіз құру, цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен қашықтан мониторингті енгізуге арналған құқықтық тетіктерді әзірлеу;
  • Бизнестің және мемлекеттің жауапкершілігін нақты ажырату тетіктерін қалыптастырып, өндірістік қадағалау мен азаматтық қорғау органдары арасындағы функциялардың қайталануын болдырмау.

Осылайша, өнеркәсіптік қауіпсіздікті дербес құқық саласы ретінде бөлу авариялық жағдайлардың азаюына және технологиялық жаңғыртуға серпін береді. Депутаттардың пікірінше, өнеркәсіптік қауіпсіздікті жеке сала ретінде дамыту өндірістегі апаттар санын азайтып, елдегі технологиялық жаңғыруға серпін береді.