Әкімдердің бизнесті дамыту міндеті көбінесе «көмескі» күйінде қалып отыр – Қошанов
Мәжіліс спикері әкімдерге KPI бекіту бастамасын қолдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдағаннан кейін пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қаржы туралы есеп берген. Бүгін қаралып жатқан мәселе кәсіпкерлікті қолдау шараларының тиімділігі болды.
«Жалпы, елімізде осы бағыттағы ауқымды шаралар ұзақ жылдан бері жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар. Бюджеттен қыруар қаржы жұмсалуда. Соңғы бес жылда кәсіпкерлерге 4,5 триллион теңге бөлінген. Сол қаражат қалай жұмсалып жатыр, оның тиімділігі мен қайтарымы, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына әсері қандай? Экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қаншалықты ықпал етті? Осы сұрақтардың жауабын бүгін бірлесіп қарастырып көрдік. Бұл мәселелер Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де қамтылған. Осы орайда Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар назар аударуға тиіс кейбір жайттарға тоқталып өтсем деймін», - деді Қошанов.
Оның айтуынша, бірінші мәселе - қолданыстағы құралдардың көбі алға қойған міндеттерді толық көлемде орындай алмай отыр.
«Осыған байланысты бүкіл қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізу қажет. Бұл мәселеге формальды түрде қарап, тек қолдау шараларының тізілімін жасаумен ғана шектелмеген жөн. Олардың тиімділігіне терең талдау жүргізу керек. Бұл жұмыста көзделген шаралардың санына емес, нақты экономикаға қалай әсер ететініне басымдық берілуге тиіс», - деді Қошанов.
Мәжіліс спикері атап өткендей, кәсіпкерлікті қолдау үшін бірыңғай, орталықтандырылған саясат қажет.
«Қолдау көрсету жүйесі «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, кәсіпкерлердің бірыңғай цифрлық кабинетіне айналуы қажет. Мемлекет басшысының өзі «мұндай ахуал кәсіпкерлерді шатастыратыны» туралы айтқан болатын. Сонымен қатар, қолдау шаралары салалық және аймақтық ерекшеліктерді де ескеруге тиіс. Ол бәріне бірдей емес, әр салаға, нақты мақсатқа бағытталған шаралар болуы керек», - деді Қошанов.
Яғни, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің көлік және логистика саласындағы компанияға қойылатын критерийлерге сай келмейді. Одан өзге, Қошанов та бір компанияның мемлекеттен бірнеше рет көмек алуы – тосқауыл қоятын дүние.
«Бүгінгі есептен біз бірқатар кәсіпорынның он жыл бойы түрлі қолдау шараларын алғанын көріп отырмыз. Қайталама көмек тек өндірісті кеңейтетін немесе жаңа технологияларды енгізетін компанияларға ғана көрсетілуі керек. Түпкі мақсатымыз бір – мемлекет ресурс ұсынады, бизнес экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Ал цифрландыру осы жүйені ашық әрі тиімді құруға көмектеседі», - деді Қошанов.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту мәселесі де сөз болды.
«Бүгінде жергілікті атқару органдары деңгейінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеті көбінесе «көмескі» күйінде қалып отыр. Әкiмдердiң қызметіне Жалпы өңірлік өнім мен тартылған инвестиция көлемiне қарап баға беріліп жатыр. Ал олар негізінен iрi кәсiпорындар есебінен қалыптасады. Бұл ретте, шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерінің бір бөлігі жергілікті деңгейге берілгенін ескерсек, кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз етудегі әкімдердің жауапкершілігі де артуға тиіс. Осыған байланысты облыстық қана емес, аудан деңгейінде де әкімдіктер үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіткен жөн», - деді Қошанов.
Бұдан бөлек, Қошанов атап өткендей, бүгін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметіне қатысты біраз сын айтылды.
«Төртінші. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қолданыстағы заңнаманы кәсіпкерлер сұранысына бейімдеу міндетін қойды. Депутаттар Үкіметпен бірге осы бағыттағы заңнаманы бизнестің қажеттігіне қарай бейімдеуді дер кезінде қамтамасыз етуге тиіс. Осы ретте, қазіргі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, кейбір заңдарды, мысалы, Бизнес жүргізу мәселесі туралы заңның және Кәсіпкерлік кодекстің жекелеген нормаларын жаңарту қажет болар. Оның ішінде кәсіпкерліктің тиімді дамуына кедергі келтіретін ережелер, тосқауылдар мен әкімшілік жүктемелер болуы мүмкін. Әріптестер, Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты міндет қойды. Ол – жеке кәсіпкерлікті қолдауды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру. Осы ретте, мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайтуға ықпал етуі керек. Бүгінгі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет назарға алуға тиіс», - деді сөзін түйіндеген Қошанов.