Тоқаев №1 Индустриалдық паркін аралап көрді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың №1 Индустриалдық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты, деп хабарлайды
Ақорда жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев винилді гипсокартон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабылдары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдерін көрген.
Сондай-ақ көрмеде «Астана электротехника зауытының», «Арыстан» Астана құбыр зауытының», құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.
Бұдан бөлек, құзырлы адамдар мемлекет-жеке меншік серіктестік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перспективасы жайында баяндама жасаған. Аталған алаңда жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар логистикалық инфрақұрылымды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Соның ішінде «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылады. Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 миллион теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделген.