Қала экономикасы өсіп, ірі инвестициялық жобалар мен жаңа өндірістер іске қосылып жатыр
2025 жылдың 10 айында Шымкент қаласы Қазақстандағы қарқынды дамып жатқан өңірлердің біріне айналды. Қала экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, мегаполис республика бойынша алдыңғы қатарға шыққан. Мұндай нәтижеге түрлі саладағы тұрақты өсім мен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы ықпал етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент экономикасында барлық ірі бағыт бойынша өсім тіркелген:
Сонымен қатар қала тұрғындары үшін маңызды көрсеткіш – тұрғын үй салу қарқыны да жоғары деңгейде сақталған. Он айда 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, қаланың құрылыс секторы тұрақты өсімге ие болды.
Бұл көрсеткіштер Шымкенттің қарқынды дамып жатқанын, сонымен бірге жеке сектордың белсенділігі артқанын көрсетеді.
Қала экономикасының негізгі тірегі – өңдеу өнеркәсібі. Өндірістегі өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға өскен. Соңғы үш жылда құны 150 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.
Бұл Шымкенттің тек тұтыну нарығына сүйенбейтінін, өз өндірісін кеңейтіп, экспортқа бағытталған өнеркәсіпті дамытып жатқанын дәлелдейді.
Қалада инвесторларды тарту үшін жаңа екі өндірістік аймақ салу, тағы үш аймақты кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Осы индустриялық аймақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қала экономикасының әр саласына бағытталған инвестиция көлемі жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, соңғы үш жылда шаһар экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіштің 75 пайызы жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі. Сонымен бірге, қалада инвестиция көлемінің орташа жылдық өсімі 11 пайызды құрап отыр. Мұндай өсім Шымкенттің бизнес жүргізуге қолайлы қалаға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Алдағы жылдарға арналған мақсат та өте ауқымды. Өңір экономикасын тұрақты және ұзақ мерзімді дамыту үшін алдағы 5 жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда осы бағытта жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалардың басым бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, логистика, агроөнеркәсіп және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда қалада 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретін маңызды фактор.
Шымкент әкімдігі инвесторларға әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылымды дамыту және жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.
Былтыр Түркияның «Alsera KZ» компаниясымен еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешенінің құрылысы басталған. Құны 322 млрд теңгені құрайтын бұл жоба Қазақстандағы агроөнеркәсіп секторындағы ең ауқымды бастамалардың бірі саналады. Бүгінде оның 98 млрд теңгелік алғашқы кезеңі толық аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынған. Жоба Шымкентті жоғары технологиялы жылыжайлар орталығына айналдыруға және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Польшаның «Fabe Agro» компаниясымен жүзеге асып жатқан тағы бір ірі жылыжай жобасы да ерекше мәнге ие. 68 млрд теңгенің кешені үшін 144 гектар жер телімі бөлінді, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жоба толық іске қосылғанда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріліп, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Мұндай көлемдегі агроөндіріс қаланың азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, экспорттық бағыттағы жаңа нарықтарды игеруге жол ашады.
Индустриялық секторда да ірі жобалар легі басталды. Түркиялық YDA Group компаниясы 313 млрд теңге көлемінде өндірістік технологиялық материалдар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, отандық INTERTRANS компаниясы 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салуды қолға алды.
Бұдан бөлек, Қытайдың «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңге болатын келісім жасалды. Жоба тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы 24 мВт электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салуды қамтиды. Қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде. Бұл нысан қалдықтарды басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай үлес қоспақ.
Осы маңызды жобалардың барлығы Шымкенттің инвестициялық әлеуетін нығайтып қана қоймай, экономиканы әртараптандыруға, жаңа өндірістік қуаттар құруға және мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.