Жылдық инфляция қазанда 12,6 пайызды құрап отыр
Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банктің ақпаратынша, жылдық инфляция қазанда 12,6% болған, ал қыркүйекте – 12,9%. Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ға және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11%-ға өсті. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға дейін баяулады.
«Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады. Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5% таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды», - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің пайымынша, жоғары инфляциялық болжам, орнықты базалық инфляция мен тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін ескергенде, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды.
«Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін», - деп атап өтті Ұлттық банк.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланады.