«Бақыт құшағында» қазақша джубокс-мюзиклі Парижде үздік дебют атанды
«Festival du Film Kazakh» кинофестивалі 29 қазан мен 2 қараша аралығында өткен
Қазақ киносы тарихындағы тұңғыш джубокс-мюзикл «Бақыт құшағында» фильмі Франция астанасында өткен «Festival du Film Kazakh» қазақ киносы фестивалінде «Үздік дебют» жүлдесін жеңіп алды. Кинофестиваль 29 қазан мен 2 қараша аралығында Парижде жетінші мәрте өткен болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фильмнің Франциядағы тұсаукесері фестивальдің жабылу салтанатында өтті. Іс-шараға киногерлер, сыншылар, сарапшылар және халықаралық киноқоғам өкілдері қатысты. Көрермен қатарында Париж қаласындағы қонақтар мен жергілікті қазақтар да көп болды. Көрермендер «Бақыт құшағында» мюзиклына жоғары баға беріп, ерекше әсер алғандарын жеткізді.
«Бақыт құшағында» – композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне негізделген алғашқы қазақстандық джубокс-мюзикл. Туындыда ұлы композитордың 12 әні симфониялық оркестр сүйемелімен қайта өңделіп, саундтрек ретінде жазылған. Фильмнің түсірілімі елордада бір ай ішінде толықтай қазақ тілінде өткен. Көріністерге 230-ға жуық актер қатысқан, ең ауқымды эпизодтардың бірінде 80 адам бір мезетте билейді.
Картинаның режиссері – Санат Шапашов. Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау білдірген.
Мюзикл қазақтың мәдени және рухани құндылықтарын жаңаша қырынан көрсетеді. Онда отбасы институтының мәні, аналарға құрмет пен ер азаматтың жауапкершілігі сияқты әлеуметтік тақырыптар кеңінен ашылады.
Айта кетсек, туынды 2025 жылдың 23 қазанында Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай үлкен экрандарға жол тартқан. Қазір фильм еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Көрермендер әлеуметтік желілерде туындыдағы әндерге қосылып айту, көзге жас алу және қуанышқа бөлену сәттерін бөлісіп, өз әсерлерін білдіруде.
«Бақыт құшағында» мюзиклы қазақ киносының жаңа белесі ретінде ұлттық өнер мен креативті индустрияның дамуына серпін берді.