Депутат «Бұланты шайқасының» 300 жылдығын республика деңгейінде атап өтуді ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин мәдениет министріне сұрау жіберді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сауалында қазақ тарихындағы аса маңызды оқиға – Бұланты шайқасының 300 жылдығын кең көлемде атап өтуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, елдің рухын көтеретін, халықты біріктіретін, жастардың патриоттық сезімін арттыратын ең үлкен құрал – төл тарихымызды ұлықтау. Осы тұрғыдан алғанда, 1727 жылы өткен Бұланты шайқасы – қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы тұрып, азаттық жолындағы ерлігінің айқын белгісі.

Тарихи маңызы:

  • 1723 жылы Түркістан жоңғарлардың қолына өткеннен кейін қазақ халқы ауыр күйзеліске ұшырап, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін бастан кешті.
  • 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында үш жүздің басы қосылып, Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды.
  • 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзенінің бойында өткен шайқасқа екі жақтан 100 мыңға жуық сарбаз қатысты. Қазақ жасағы әскери тактиканы тиімді қолданып, жоңғарларды күйрете жеңді.
  • Бұл жеңістен кейін майдан болған жер «Қалмақ қырылған» деп аталды.

«Өлшеусіз тарихи маңызы бар бұл жеңіс жайлы Мұхтар Мағауин былай деген еді: «Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен, Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген жоңғарлар енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді». Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ел мен жердің тағдыры сынға түскен Ұлытау өңіріндегі «Бұланты шайқасы» стелласы ашылған болатын. Ол жерге осы шайқасқа қатысқан Бөгембай, Қабанбай батырлардан бастап көптеген құлпы тастар қойылып, ел жиналып үлкен ас берілген», - дейді депутат. 

Депутат көтерген ұсыныстар:

  • 2027 жылы Бұланты–Білеуті шайқасының 300 жылдығын республикалық деңгейде атап өту үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу.
  • Ғылыми-зерттеу, археологиялық және деректанулық жобаларды қолдап, деректі фильмдер мен оқу құралдарын дайындау.
  • Ұлытаудағы Бұлантыдағы батырлар стелласын абаттандыру және туризм инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлу.

Ерболат Сатыбалдин бұл бастамалар халықтың тарихи санасын күшейтіп, жастардың отансүйгіштік рухын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.