Оның айтуынша, қасиетті қара домбыраның орны – төрте
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай аймақта өткен жиындардың бірінде есік алдында отырып, домбыра шертетін ансамбльдерді бұдан былай тек төрден көргісі келетінін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әкімнің видеосы блогер Тимур Бектұр жүктеген. Видеодан байқағынымыздай, облыс әкімі аймақтағы жиындардың біріне келген. Есік алдында домбыра шертіп отырған күйшілерді көріп, кілт тоқтаған. Жанындағы көмекшілеріне қараған ол бұндай көріністі енді көргісі келмейтінін айтады.
«Былай болсын жігіттер: өтініш, енді мен жүрген жерде домбырашылар табалдырықта отырмасын. Бұлардың орны қасиетті сахна. Қара домбыраның орны - қасиетті сахнаның төрі. Ал біз оларды есіктің қасына әкеп отырғызып қоямыз», - дейді Қилыбай.
Әкім сондай-ақ күй тартуға келген жігіттерге де өтініш айтып, енді тек қана төрде күй шертіңіздерші деді.
«Өтініш, (мына жерде – авт.) отырмаңыздаршы, сіздердің орындарыңыз – төр. Өзіміз домбыра тарта алмаймыз, ал, домбыра шертетіндерді есіктің көзіне отырғызып қоямыз. Мен жоқ кезде не істесеңіздер де өздеріңіз білесіздер, мен бар кезде бұл қайталанбасын», - деді Қилыбай.