Заң бұзған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін
Қазақстанда мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынғалы отыр. Парламент Мәжілісі тиісті заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыттың айтуынша, фонограмманы қолдануға жаппай тыйым салынбайды. Арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдарда оған рұқсат етіледі.
«Бүгін жеңісіміз – бұл фонограммаға тыйым салу. Жаппай тыйым салу емес, тек қана мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде. Бұл заңдағы терминология, яғни 200 адамнан асатын сыйымдылығы бар мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы құралмен жабдықталмаған алаңдар болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі», - деді Зайыт Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың пікірінше, ең алдымен тұтынушының мүддесі қорғалуы керек.
«25-50 мыңға билет сатып алған көрермен аузын жыбырлатқан әншіні тыңдау керек деген қағида болмауы керек. Ол әншінің сол концертке деген жауапкершілігін, дайындығын, сол кездегі деңгейін көруге құқылы деп ойлаймыз», - дейді мәжілісмен.
Айтуынша, заңды бұзып, фонограмманы қолданған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.
«Ұйымдастырушыларға жауапкершілік қарастырылған. Бұл қазір нормативтік-құқықтық актілерде нақты бекітіледі. Әзірге 1 мың айлық есептік көрсеткіш бола ма деп отырмыз», - дейді депутат.