Әлемге әйгілі топтың концерті елорда тарихына енген ауқымды мәдени оқиғаға айналды
21 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы өнер көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Концертке Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерді қоса алғанда, 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист арнайы келді», - деп жазылған хабарламада.
Кештің ұйымдастырушысы – «Астана Концерт» компаниясы Total White дресс-кодын жариялап, іс-шараға ерекше бірлік пен стиль берді. Әлеуметтік желілерде #GetReadyWithMe тренді кең таралып, жанкүйерлер балалық шақтағы кумирлерін қарсы алуға қалай дайындалғанын көрсетті.
Backstreet Boys концерті Астанадағы әлемдік жұлдыздардың кезекті қойылымы ғана емес, елорда тарихына енген ауқымды мәдени оқиғаға айналды.
Әлемдік музыкалық тарихтағы ең табысты поп-топтардың бірі саналатын Backstreet Boys 130 миллионнан астам альбом сатты. Астанадағы концерт олардың әлемдік турнесінің бір бөлігі болды. Ал 2025 жылы топ Лас-Вегастағы әйгілі The Sphere кешенінде рекорд орнатып, бір күннің ішінде 500 мыңнан астам билет сатты.