«Бір пәтердің құны кетті»: Болманов қазақ эстрадасын дамыту үшін қандай тәуекелге барғанын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Әртіс қазақ тілінде ән айтатын мәдениет қалыптастарғым келді дейді

Фото: instagram.com/kydyrali_bolman

Танымал продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов 25 жыл бұрынғы оқиғаларды еске алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ эстрадасын дамыту үшін не істегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Роза, «Дос-Мұқасан», Нағима, Мақпал сынды өнер жұлдыздары Кеңес одағы кезінде рухымызды құлатпай, қазақ музыкасын сақтап қалды. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін, эстрада мен шоу-бизнестің қазақтілді болуына күш салу – менің басты міндетім болды. Сол себепті қазақ әндеріне сұраныс тудыруға кірістім», – дейді продюсер.

Болманов сол кезеңде АБК тобын құрып, қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтеруге бел буған. Ол тарихта алғаш рет қазақша әнге клип түсіруді белгілі режиссер Ақан Сатаевқа тапсырғанын айтты.

«Тамшылар» әні үнсіз сілкініс жасады. Ол хит парадтардың көшін бастап, айлап-жылдап сахнадан түспеді. Бұл клипке екі бөлмелі пәтердің құнындай қаражат жұмсадым», – деп еске алды продюсер.

Ол сондай-ақ аңызға айналған «Музарт» тобының құрылу тарихына да тоқталды.

«Бес жылдан кейін мәдени майданда "Музарт" тобы жарқ ете қалды. Тыңдасаң – баурап алатын, қарасаң – көз тоятын ұжым болды. Сол кезде Мейрамбек, Мақсат, Сәкеш үшеуімен таныстық. Бүгінде шоу-бизнес 100% қазақ тілінде дамып жатыр. Домбыраны әлемге танытып жүрген "Ұлытау" секілді топтар қалыптасты», – деп түйіндеді Болманов.