Үкімет кинотеатрлар сатқан билеттер мен кассалық түсімдерді онлайн бақылап отырады

Автор: Нұргүл Абай

«е-Кино» – креативті салаларды цифрландырудың алғашқы қадамы дейді министр

Фото: istockphoto.com

Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі Бірыңғай кино мониторинг жүйесін («е-Кино») әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық түсімдерді әділ бөлу міндеттерін атқарады.

«е-Кино» жүйесіне деректер кинотеатрлардың билет сату жүйесінен нақты уақыт режимінде түседі. Жүйе жекелеген сеанс және фильм көрсетіліп жатқан өңір бойынша көрермендер саны мен кассалық түсімдерді бақылауға, билеттерді жүктеу үрдісін мониторингтеуге, кино көрсетілімі мен түсімдерін жанр, тіл және өндіріс елі бойынша талдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «е-Кино» жүйесі сынақ режимінде пайдаланылып жатыр. Жүйеге 103 кинотеатрдың 68-і қосылған. 30,4 млн теңге кассалық түсім есепке алынды. 20 310 билет тіркелді», - деді Балаева Үкімет отырысында.

Қазір жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тестілеу мәселесі қарастырылуда. Бұл оның өнеркәсіптік пайдалануға енгізілуіне мүмкіндік береді.

Министр «е-Кино» – креативті салаларды цифрландырудың алғашқы қадамы екенін атап өтті.