Қоғамдық кітап сөрелері әрбір өңірде ашылады
Кітап оқуды халық арасында насихаттау бағытындағы «Bolashaq Books» жобасы жалғасын табады. Бұл туралы «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова мәлімдеді.
«Кітап оқуды халық арасында насихаттау («Bolashaq Books») жобасының мақсаты – кітаптарды кез келген адамға уақытша пайдалануға беру үшін қоғамдық кітап сөрелерін орнату арқылы кітап оқитын халықтың санын арттыру, кітап оқу мәдениетін насихаттау және азаматтардың білім деңгейін көтеру. «Bolashaq Books» жобасы 2017 жылы іске қосылды, биылғы жылдан бастап жоба ауқымын кеңейтіп, қоғамдық кітап сөрелері енді еліміздің әрбір өңірінде ашылады», - деді Лаура Демесінова бүгінгі онлайн-брифингте.
Акция Қазақстанның 17 өңірін қамтиды. Халық көп жиналатын жерлерде кемінде 20 кітап сөресін орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ қауымдастық «Жастар және инновация» жобасын да жүзеге асырмақ. Жоба аясында танымал тұлғалармен және кәсіпкерлермен, YPO Kazakhstan мүшелерінің қатысуымен форум, шеберлік сабақтары өтеді. Көзге түскен қатысушыларға әрі қарай жобаларын дамыту үшін елдегі жетекші компаниялар мен орталық мемлекеттік органдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан