Qaitadan көркем фильмі 4 қыркүйекте көрерменге жол тартады

Автор: Аягөз Құрмаш

Редакция фильмді түсірген топтан аз-кем сұхбат алды

Фото: Qaitadan

Көркем фильм ауылдағы дамбы жарылғанда ауыл тұрғындарының бір күнгі өмірі туралы болмақ. Төтенше жағдайдан кейінгі халықтың жай-күйі, сезімі де туындыға арқау болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Qaitadan деп аталатын фильм көрермен назарына биылғы 4 қыркүйектен бастап жол тартпақ. Көркем туындының идеясын фильм режиссері Думан Еркімбек пен бас продюсер Жалын Тілеуберген іске асырған.

Фильмнің режиссері Думан Еркімбектің айтуынша, қазақ киносында қозғалмаған тақырып жетерлік. Олардың ішінде төтенше жағдай, табиғи апат сынды оқыс оқиғаларда халықтың бастан кешірген күйі де бар.

«Дәл қазір еліміздегі кинолардың барлығы бір тақырып төңірегінде түсіріледі. Бірақ бізде әлемдік киноларға арқау болатын оқиғалар өте көп. Фильмде адамдардың басына түскен сынақ, тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттер, ой салатын идея бар. Оқиға басқаша өрбісе қалай болар еді дегендей, апат кезінде құтқарушы қаһарман образын жасап, көркемдедік. Осы бойынша сценарий жазып шықтық. Фильмді түсіргендегі негізгі мақсатымыз хайп та емес, қозғалмаған тақырып екен деп оны жағалау да емес. Себебі елде өзге де көп оқиғалар болды», - дейді Думан Еркімбек.

Фильм режиссері көркем туындының идеясында осындай айтпай келетін апаттардың алдын алу, оқиғаны болдырмау, себебі мен салдары сынды бағыттар қамтылған дейді.

Ал фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген айтқандай, түсірілім бір айдан астам уақытқа созылған. Басты рөлдерде Жасұлан Көпбергенов, Ермек Шынболатов, Шұғыла Ешенова және Әшім Ахметов ойнайды.

«Фильмге ауыл тұрғындары да бір кісідей атсалысты. Олар көбіне көпшілік сахналары бар эпизодтарға түсті. Негізінен, кәсіби актерлар өз деңгейінде барынша ойнап шықты. Апаттан кейінгі ауылдың бейнесін көрсету өте күрделі. Сондықтан оқиға кезіндегі көңіл-күйді, эмоцияны жеткізу үшін ауылдың жаңа декорациясын тұрғыздық. Бөгеттің жарылуын бейнелеуде де осы құрылысты пайдаландық. Төтенше жағдайдан кейін бір сарынды қайталатын күндерді көрерменге барынша шынайы жеткізуге тырыстық», - дейді бас продюсер.

Жалын Тілеубергеннің айтуынша, түсірілім барысында ауа райына қатысты аз-кем қиындықтар туындаған.

«Бір эпизодтың түсірілімі бірнеше күнге жалғасқандықтан, күндегі ауа райы бірдей болуы керек еді. Бірақ біз түсірген ауылда бұршақ, жауын-шашындар жиі болды. Бұл айтарлықтай келеңсіздік туғызды. Осының салдарынан түсірілімді екі аптаға тоқтатып қойған да жағдайлар кездесті. Дегенмен бәрін тиянақтап, соңына дейін түсіріп шықтық», - дейді ол.

Айтып өткеніміздей, жаңа туындыны қыркүйектен бастап бүкіл кинотеатрлардан көре аласыздар.