Түркістандағы қолөнершілердің бір шығынын бюджет өтеп беруі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін мәжіліс депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасымен танысып жатыр

Фото: istockphoto.com

Жаңа заң жобасы бойынша Түркістандағы ұлттық бұйым жасайтын шеберлердің бір шығынын бюджеттен өтеу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы бүгін мәжіліске «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыра келген ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы президенттің 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Бұл заңды дайындағанда Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан сынды елдердің тарихи ескерткіштерді сақтап қалудағы тәжірибелері зерттелген.

«Заң жобасының негізгі новеллалары мыналар:

1.Түркістан қаласы археология ескерткіштерінің резерватын құру.

2. Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу.

3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша, кесененің аумағына тарихи ескерткіштерге сай келмейтін нысан салуға болмайды.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру, ал, мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру көзделген», - деп таныстырды ол.