«Ұмай» фильмі Үндістанда өткен кинофестивальде үздік атанды
Фестиваль алғаш рет онлайн режимінде өтті
Режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» («Терезе алдындағы бала») қысқаметражды фильмі қоржынын тағы бір жүлдемен толықтырды. Фильм Х Dadasaheb Phalke Film Festival (DPIFF) халықаралық кинофестивалінде үздік қысқаметражды фильм жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Үндістандағы ең беделді DPIFF кинофестивалі жыл сайын 30 сәуірде үнді киносының негізін қалаушы Дадасахеб Фалькенің туған күнінде өтеді. Оның 1913 жылы түсірілген «Раджа Харишчандра» фильмі ең алғашқы толықметражды үнді фильмі болып есептеледі. Фестиваль тәуелсіз киноға арналған және жас режиссерлердің шығармашылығын дамытуға бағытталған. Фестиваль алғаш рет онлайн режимінде өтті», - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бұрын «Ұмай» фильмі British International Amateur Film Festival (BIAFF) Халықаралық әуесқойлар кинофестивалінде «Ең үздік фильм», «Ең үздік сценарий» номинациясы бойынша топ жарған болатын.