Бейнебаянды әзірлеуге «Хабар» агенттігі қатысты
Димаш Құдайбергеннің бүкіләлемдік коронавирусқа қарсы күреске арналған «We are one» («Біз біргеміз!») бейнебаянының қазақстандық нұсқасы шықты.
Әншінің әлемдік бейнебаянының қазақстандық нұсқасын әзірлеуге «Хабар» агенттігі қатысты.
Бейнебаянда індет белең алған елдердегі қатерлі вирусқа қарсы майданда арпалыса тер төгіп жүрген дәрігерлердің еңбегі көрсетілген.
«Қазір күллі әлем коронавирусқа қарсы жаһандық күресте күш біріктірді. Бірақ індеттің пәрмені қатты. Ешбір елді аяп жатқан жоқ. Індетпен күресте алдыңғы шепте медицина мамандары жанкешті еңбек етуде. Осынау қысылтаяң кезде оларға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Біз құдіретті музыка арқылы дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің, әскерилер мен еріктілердің ерік-жігеріне, қажыр-қайратына құрмет таныта аламыз», - делінген хабарламада.
Туынды авторлары – қытайлық шығармашылық топ. Әлем үшін сын болып отырған қазіргі қиын шақта жаңа ән Димаштың дүниежүзіндегі өз тыңдармандарына арнаған тартуы болып отыр.