Астанада киіз үй тігуден шеберлік сабағы өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні өтіп жатыр

Астана қаласының Байқоңыр ауданында Наурыз мейрамын тойлаудың онкүндігі ауқымды түрде аталып өтіп жатыр. Аудан әкімдігінің бастамасымен ұлыстың ұлы күні қарсаңында елордада алғаш рет «Асыл мұра – киіз үй» атты Киіз үй құрудан шеберлік сыныбы бастау алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аталған шеберлік сыныбы Наурызнаманың онкүндігі аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде Өндіріс тұрғын алабында жалғасын тапты.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, жастарға көне салт-дәстүріміз бен қазақтың ұлттық баспанасының мән-мағынасын, маңызы мен ерекшелігін дәріптеу.

Жиын барысында белгілі этнограф Ақеділ Тойшанұлы мектеп оқушыларына киіз үйдің тігілуін, құрылымын егжей-тегжейлі түсіндірді. Мұндай шараға алғаш қатысқан жастар да өздерінің сұрақтарын қойып, қазақы үйдің тігілу барысына қатысты, оның ерекшелігімен әрі маңыздылығымен танысты.

Осылайша, атаулы күні мәдениет саласының қызметкерлерімен 8 қанатты киіз үй тігілді. Жұмыс барысын өз көздерімен көрген жастардың қуанышы тым ерекше.

Сондай-ақ, іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Досымжан Таңатаров қатысып, барша қауымды келе жатқан мейраммен құттықтап, әннен шашу шашты.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын рухани-танымдық шараға елорданың БАҚ өкілдері де белсенді атсалысты.

Аталған рухани-танымдық шара өз жалғасын табатын болады.