Мүфтият бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға үндейді

Автор: Azattyq Rýhy

Игі бастама 10 сәуірдегі жұма намаз уақытына белгіленіп отыр

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы www.muftyat.kz сайтында барша мұсылман қауымын 10 сәуір жұма күні намаз уақытында «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасау туралы үндеу жариялады.  

«Қазіргі таңдағы бұл ауыр індет күллі адамзат баласына қатер төндіруде. Біз (Барлығымыз) Адам ата және Хауа анадан тараған бір үмбетпіз, делінген. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, адам балалары! Бәріңді бір жаннан жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар!» («Ниса» сүресі, 1-аят) деген.

«Әлемде етек алған індеттің алдын алуда адамзат Ұлы Жаратушының мейіріміне мұқтаж екендігін айқын сезінуде. Сол үшін әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрмыз. Алланың ардақты Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – мұсылманның қорғаны», – дегені баршаңызға мәлім», деді үндеуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

.