Қазақстанда онлайн режимде республикалық айтыс өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Іс-шараға әр өңірден 16 суырып салма ақын қатыспақ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Агенттік жанындағы Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың бастамасымен халық шығармашылығының қайталанбас сайысы – айтыс онлайн режимде өткізіледі.  Бас жүлде – «Алтын Орда» авторлық дизайн үйі Tengri эксклюзивті этно-инсталляциясын және «Біз біргеміз» логотипімен кәдесый ұсынады, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайыстың тақырыбы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына арналады. Айрықша іс-шараға республиканың өңірлерінен 16 суырып салма ақын қатысады, олардың ішінде Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Сырым Әуезхан, Данияр Алдабергенов, Жұлдызай Маратбекова секілді халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар.

«Өзекті мәселелерді өлеңмен көпшілік алдында айту біздің елдің ежелгі дәстүріміз. Біз қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеуді дәріптеу үшін ең тиімді мәдени құрал ретінде қазақ айтысын пайдалануға міндеттіміз», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Жалпы карантин кезеңінде онлайн режимде хабар таратудың шектеусіз қол жетімділігі арқылы барлық қалың бұқара қамтылады деп күтілуде. Жарыс 9 сәуірде басталады, қатысушылардың жеребе тартуы мен жұптарды бөлуден басталады. 9 және 19 сәуір аралығында 1/8, 1/4 және 1/2 финалдары өтеді. Онлайн айтыстың финалы 2020 жылдың 18 және 19 сәуіріне жоспарланған.

Сайыстың өту барысын барлық ниет білдірушілер штабтың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көре алады: Facebook-те «Республикалық ақпараттық ағартушылық штаб», Instagram-да және YouTube-те «anticor_shtab_kz» парақшалары.

Жеңімпаздар «Antiсor_shtab_kz» телеграм арнасында онлайн дауыс беру және мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анықталады.