Әлемдегі коронавирус жағдайына қатысты ол осындай шешім қабылдаған
Димаш Құдайберген өзінің Arnau атты әлемдік турнесінің уақытын кейінге шегерді. Әлемдегі коронавирус жағдайына қатысты ол осындай шешім қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші турнесінің тоқтайтыны туралы өзінің Instagram аккаунтында жазды.
«Arnau Tour» әлемдік туры аясындағы концерттер кейінге қалдырылғанын өкінішпен хабарлаймын. Коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты Прага, Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт және Минск қалаларындағы концерттерім тоқтатылып, басқа уақытқа жоспарлануда. Қабылдаушы тараптармен келісіліп, концерттердің өтетін күні анықталған соң, алдын ала жарияланады.
Мен сіздер тарапынан маған көрсетілген құрмет пен ықыласты жоғары бағалаймын және мен сияқты концерттерді асыға күткендеріңізді білемін. Бірақ дәл қазіргідей қиын кезеңде біз ең алдымен денсаулығымызды қадағалап, барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек. Басымыз аман, бауырымыз бүтін, төрт құбыламыз тең болсын!», – деп жазады Димаш.
Желі қолданушылары әншіге қолдау білдіріп, оған өзін күтіп жүру туралы кеңес берген.