18 мамырда «Музейлер түні» өтеді - Мәдениет министрлігі

Автор: Аягөз Құрмаш

Іс-шара Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналып отыр

Фото ашық дереккөзден

18 мамырда «Музейлер түні» өтеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлады Azattyq Ryhy.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар кешені ұлттық музейде «Музейлер түні» атты ауқымды акциядан бастау алмақ. 1978 жылдан бастап бүкіл әлемдегі музей қызметкерлері 18 мамырда өздерінің кәсіби мерекелері Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Ол 1977 жылы мамырда Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) XI бас конференциясында бекітілді. 1992 жылы ICOM кеңесі іс-шараны белгілі бір тақырыпта өткізуді ұсынды. Содан бері жыл сайын Халықаралық музейлер күнінің өз тақырыбы бар және Халықаралық музейлер кеңесі әрқашан тақырыпқа байланысты іс-шараларға шолу жасап, оларды барлығына қолжетімді етеді», - деді ол.

Қазақстанда да бұл күні ерекше жобалар, көрмелер мен конференциялар, симпозиумдар өткізу қолға алынған. Қазіргі уақытта елімізде 264 музей бар. Олардың барлығы Халықаралық музейлер күнін атап өтеді.

«Біз Халықаралық музейлер күнін атап өтуді «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» атты қор сақтаушы мамандар үшін маңызы ерекше симпозиумнан бастаймыз. Симпозиум жұмысына Қазақстанның 28 музейінен 45 музей сақтаушы қатысады. Ұлттық музейде сағат 18:00-ден бастап «Музейлер түні» акциясы басталады, биыл тақырыбын «Музей – уақыт ағымында» деп бекіттік. Келетін қонақтарымызға түрлі концерттік, ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырып отырмыз», - деді ол.