Ыстамбұлда БАҚ қатысуымен Түркі әлемінің симпозиумы өтіп жатыр
Түркі елдері ұйымына мүше елдердің өкілдері түркі әлемінің проблемаларын талқыламақ
Түркияда бұқаралық ақпарат құралдарына арналған Түркі әлемінің симпозиумы басталды. Халықаралық іс-шараны Президент жанындағы Түркия Республикасының коммуникациялар басқармасы ұйымдастырып жатыр. Онда Түркі елдері ұйымына мүше бес мемлекеттің өкілдері бірнеше күн бойы пікір алмасып, түркі дүниесі, түркі әлемінің проблемаларын талқыламақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.
Бүгінгі таңда түркі елдері ұйымына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері мүше болса, Венгрия, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы (Қазақстанда мойындалмаған мемлекет – AR) бақылаушы елдер саналады. Аталған сегіз мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам белсенділері бірнеше бағытта баяндамалар жасайды.
Халықаралық шараға Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарынан 15 және шетелден келген 35 журналист қатысып жатыр.
Бағдарламаның бірінші күні қонақтар Ыстамбұлдағы түркі әлемінің тарихи орындарымен танысты.
Бағдарламаның екінші күні түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау мен түп-тамыры ортақ елдерге сырттан төнетін сын-қатерлер жайында баяндамалар жасалып, пікір алмасады. Жиын барысында екі дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Жиын Түркияның Президент жанындағы коммуникациялар жөніндегі директоры, баспасөз және хабар тарату бөлімінің басшысы доцент, доктор Огуз Гоксудың кіріспе сөзімен ашылды.
«Түркі әлеміне ортақ құндылықтар аз емес. Әдебиет, спорт, салт-дәстүр, діни сенімдегі ынтымақтастығымыз әлсіремеуі керек. Біз қазіргі халықаралық қатынастар аясында түркілтілдес елдерге, ұлттардың өзара ынтымақтастығын қайта қарауға мәжбүрміз. БАҚ әлемде «жұмсақ күш» саналады. Біз осы «жұмсақ күш» арқылы ынтымақтығымызды арттырып, түркі әлеміне қарсы күштермен, жалған ақпараттармен күресе білуіміз керек. Біз Әзербайжанда Қарабақ проблемасы басталғанда жалған ақпараттармен, БАҚ арқылы жасалған барлық күшке қарсы күрестік. Тұрақты және шынайы ақпаратты әлемге тараттық, ақпараттық шабуылдарға қарсы күрестік.
Ақпараттық шабуылдың түрі көбейген және оны арнайы зерттеу орталықтары арқылы дайындап, әлеуметтік желілер, түрлі картина, фото, өзге де мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланады. Түркітілдес елдердің ортақ тілі, ортақ мәдениеті бізді бұндай шабуылдарға қарсы күресуде бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдырады. Бауырлас Әзербайжанның жеңісі біздің жеңісіміз болды. Түркі әлеміне ортақ құндылықтардың негізінде түркітілдес елдердің ақпараттық қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей білуіміз керек. Жалған ақпарат, киббер шабуыл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Мәдени ұйымдар мен БАҚ өкілдері осы тұрғыдан түркі әлеміннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істей беруіміз керек», - деді ол.
Халықаралық медиажиында доктор Каан Кутлу Атач «Жаңа ғасырдағы халықаралық тәртіп» тақырыбында баяндама жасаса, Anadolu агенттігінің редакторлық кеңесшісі Яхья Бостан «Жаңа ғасырдағы медиа» тақырыбында өзекті проблемаларды ортаға салмақ.
«Жаңа ғасырдағы энергетикалық ынтымақтастық» деп аталатын алаңда Түркияның энергетика саласындағы жетістіктері мен мақсаттарына да баға берілмек.
Бағдарламаның соңғы күні қатысушылар әлемдегі ең ірі авиация және технологиялар фестивалі ТЕКНОФЕСТКЕ қатысады.