Көрермендер қазақ әншісінің әндерін қосыла шырқады
Arnau Tour әлемдік туры аясында даңқты әнші Димаш Құдайберген Мәскеуде жеке концертін берді. 14 мың көрерменге шақталған «Мегаспорт» аренасында ине шаншар орын болған жоқ, деп жазады dimashnews.com порталы.
Концерттік бағдарламада Димашпен бірге аты аңызға айналған «ТОДЕС» балет тобының кәсіби бишілері де өнер көрсетті. Соңғы он жылда «ТОДЕС» София Ротару, Валерий Меладзе, Владимир Пресняков, Лариса Долина секілді ресейлік танымал әншілермен жұмыс істегенін айта кету керек. Ал, кештің басты қонағы ретінде композитор Игорь Крутой шақырылған.
Димаш өз тыңдармандарына әлемдегі экологиялық апаттар мен соғыстардың салдары туралы айта келе, S.O.S. әнін орындады. Бұл сәтте жоғарыда аталған проблемалардың барлығын бейнелейтін сюжеттер көрсетілді.
Ал, Димаш «Махаббат бер маған» әнін орындаған кезде залда отырған мыңдаған көрермен аталған әнді қосыла орындады.