$ 522.63  548.66  5.07
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2020, 12:50
Мәдениет

«SATAIFILM-нің біраз былығы бар»: «Томирис» үшін есеп бермеген продюсерлік орталықты «Қазақфильм» сотқа берді

Сот жабық өтті

«SATAIFILM-нің біраз былығы бар»: «Томирис» үшін есеп бермеген продюсерлік орталықты «Қазақфильм» сотқа берді

Әйгілі «Қазақфильм» киностудиясы мен елдегі ең табысты «SATAIFILM» кино компаниясы ақыры сотта кездесті. Тараптар 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған «Томирис» фильмін монтаждау кезінде қаржыны бөлісе алмаған. Кинорежиссер Ақан Сатаевтың заңгерлері киностудия тарихи киноның монтажына бөлінуі тиіс қаражаттан 9 млн 300 мың теңгені бермей отыр деп сотқа шағымданған. Бұл іс  бойынша сот ақпан айының ортасында өтіп, «SATAIFILM» өкілдері кино прокатқа шықты, жұмысты атқардық, бірақ тапсырыс беруші құжаттарды қабылдамай отыр деген уәж айтқан.

Алайда «Қазақфильм»  «SATAIFILM»-ді «міндетіне жауапсыз қарайтын мекеме» деп тану туралы қарсы шағым түсірген. Алматы қаласы ауданаралық экономикалық соты бұл арызды бүгін қарады. Судья Айгүл Қойшыбаева сот ашық болса да, іспен танысу процесіне журналистердің қатысуына қарсы болды. Сот отырысынан шыққан соң, «Томирис» фильмінің атқарушы продюсері Светлана Нам бұл тараптардың ішкі мәселесі  екенін айтты.

Ал талап арыз берген жақтың заңгері Мақсат Мерекенов «SATAIFILM» продюсерлік орталығы 9 млн емес, одан бірнеше есе көп сомаға құжаттарын тапсырмай отыр деп айыптады.

«Атқарылған жұмысты құжат жүзінде растамаған соң, біз де сотқа жүгінуге мәжбүрміз»,- дейді «Қазақфильм» киностудиясының өкілі.

Тараптар келісімшартты 2019 жылдың 12 мамырында жасаған. Ақан Сатаевтың компаниясы атқарылған жұмыстар туралы есепті былтыр 31 желтоқсанға дейін өткізуі тиіс болған. Алайда Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит техникалық талаптардың орындалмағанын анықтаған соң, екі компания арасында алауыздық пайда болған.

 

«Иә, 9 млн теңге сақтаулы, бұл мемлекеттің қаржысы монтажға қарастырылған. Бірақ «SATAIFILM» продюсерлік орталығының қаражатқа қатысты «біраз былығы бар» Біз ол туралы алдағы сот отырысында айтатын боламыз»,- дейді киностудия заңгері.

Ақан Сатаев 1993 жылдан бері отандық кино саласында еңбек етеді. «SATAIFILM» продюсерлік орталығы  «Дорога к матери» «Рэкетир», «Жаужүрек мың бала», «Томирис» сияқты фильмдерді мемлекеттік тапсырыспен түсірген. Танымал режиссер осы күнге дейін 30-ға жуық кино түсірген. Айта кету керек, «SATAIFILM» елдегі ең табысты жеке кино компания саналады. Кәсіпорын 2018 жылы бюджетке 285 млн теңге,  ал 2019 жылы 93 млн теңге салық төлеген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары