Есіркеп Жақсыбаев мектеп оқушыларына бокстан шеберлік сағатын өткізеді
Қарағанды облысында қарттар үйінде тұрса да, балаларды жаттықтырып жүрген бапкер бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Жас кезінде талай шыңды бағындырған қария енді шәкірттерін жетістікке жетелемек. Сексенге таяса да спортты серік еткен Есіркеп Жақсыбаев мектеп оқушыларына бокстан шеберлік сағатын өткізіп жүр. Күнделікті 2 сағат уақытын спортқа арнайтына ұстаздың «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген спорттық дәрежесі бар. Бүгінде өзі тұрып жатқан Шахан кентіндегі мектеп оқушыларына да білгенін үйретіп отырады.
Есіркеп Жақсыбаев – бұрынғы Қарағанды дене шынықтыру техникумының түлегі. Одан соң спорт шебері атанған ол Қазақ КСР біріншілігінің жүлдегері, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Қысқасы жас шағында Еуропа елдерінің рингтерінде жасындай жарқылдаған.
«Шәкірттерім көп болды. Екеуі әлемдік турнирлерден жеңіске жетті. Солармен мақтанамын. Мен өзім қарттық дегенді білмеймін, бар өмірімді спорт саласына арнадым. Қазір де осы спорттың арқасында ауру-сырқауды білмеймін. Адам көп жүру, көп жүгіруі керек», - дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Есіркеп Жақсыбаев.
Қазыналы қарт 2011 жылдан бері қарттар үйінде тұрады. Бір ұлы қаза тапқан, ал қызы шетелде тұрады. Қазір осында өзімен тағдырлас 90 адам тұрады.