Алматыда көрнекті ғалым Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған ауқымды іс-шара өтеді
«Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты конференцияға танымал тұғалар қатысады
Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековке арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» атты конференция өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұйымдастырушылар мәлім еткендей, іс-шара биылғы 14 желтоқсанда сағат 14:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында өтеді.
Конференцияның мақсаты – Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметін үлгіге ала отырып, өскелең ұрпаққа қазақ елінің тарихы мен мәдениетін насихаттау, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, жастар тарапынан қызығушылық тудыру.
ҚР Ұлттық кітапханасы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қоғамдық қор ұйымдастырып отырған іс-шара 3 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ «дөңгелек үстел» барысында қаламгерлер, Өзбекәлі Жәнібековтың әріптестері мен шәкірттері ол жайлы тың естеліктерін бөліспек.
Аталған іс-шараға Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Жарылқасын Нұсқабай, Қанат Тұяқбаев, Қырым Алтынбеков, Бақытжан Қанапиянов, Мәулен Садықбеков, Баян Адырбек, Қали Сәрсенбай, Айжан Абдубайт, Забира Жәкішева, Сауле Мерекеева, Берік Байболов қатысады.
Дәрісхана барысында қазіргі қоғам дамуындағы ұлттық мәдениеттің орны тақырыбы көтеріліп, қаламгерлер мен жастар арасында талқылаулар өтеді. Сонымен қатар Ермек Тұрсынов, Санжар Керімбай, Ербол Азанбек, Анар Тауетаева сынды белгілі азаматтар жастарға арналған дәрістерін өткізеді.
Сонымен қатар іс-шарада көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметі жайлы мәлімет беретін ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы кітаптар мен Қазақстанның бірнеше аймақтарындағы мұражайлар қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылады. Оған қоса Өзбекәлі Жәнібековтың шәкірті Айжан Абдубайттың «Зерлеу» авторлық үйі XV ғасырға жататын Қожа Ахмед Яссауи кесенесіндегі Әзірет Сұлтан құлпытасына жабылған кілем түпнұсқасының фрагменті мен өзінің бірегей туындыларын көрсетеді.
Экспоненттер қатаында ҚР Ұлттық кітапханасы (Алматы), ҚР Мемлекеттік Орталық Музейі (Алматы), «Дала өлкесі тарихы» музейі (Арқалық), «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі (Түркістан), Айжан Абдубайт «Зерлеу» авторлық үйі де бар.
Айта кетсек, қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ана тілін дамыту, ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту ісіне үлкен үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамының жандануына, киелі Тайқазанның Қазақстанға оралуына тікелей басшылық етті.
Ө. Жәнібековтің арқасында Ұлы даланың бірегей ескерткіштері сақталып, қалыпқа келтірілді. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи, Тәжік, Ақ Ұйық, Қарахан, Айша-бибі, Бабажа-Қатын кесенелері, Жаркент мешіті, Отырар археологиялық ескерткіштері, т.б. бар. Ө.Жәнібеков Қазақстанда музей ісінің қалыптасуына зор ықпал етті, оның бастамасымен Қазақстанда ондаған музей ашылды.
Ө. Жәнібеков қазақтың «бес арысы» атанған А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, Ш.Құдайбердіұлы «ісін» қайта қарайтын бірінші комиссияны ұйымдастыруға мұрындық болып олардың есімдері мен еңбектерін халыққа қайтару жөнінде көп жұмыс жасады.