Ақтөбеде Эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің мерейтойына арналған фестиваль өтті
Мәдени шара барысында өнер ұжымының ардагерлері марапатталды
Ақтөбе қалалық мәдениет үйі жанындағы Эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің 40 жылдығына арналған «РОР Music FEST-AKTOBE» атты фестивалдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Фестивалдің мақсаты – қазақ музыкасының әлеуетін арттыру, шығармашылық ізденістерді шыңдау, өнер ұжымдары арасындағы өзара ықпалдастықты орнату.
Фестивалге Ақтөбе қаласындағы өнер ұжымдарымен қатар Орал қаласының үрлемелі аспаптар оркестрі қатысып жатыр.
Мәдени шара барысында мерей той иелері 40 жылдық тарихы бар Ақтөбе эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің ардагерлері «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетсек, Эстрадалық үрмелі оркестр 1982 жылы Ақтөбе қаласының А.С.Пушкин атындағы қалалық демалыс саябағы жанында құрылған. Оркестрді құрудың бастамашылары қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жасекенов Қази Құдайбергенұлы мен Ақтөбе музыкалық колледжінің оқу бөлімінің меңгерушісі Фоменко Владимир Никофорович болды.
Оркестр құрылған уақыттан бері Ақтөбе облысы мен қаласында 2000-нан астам концерттер мен мәдени шаралар өткізді. Репертуары түрлі шығармаға толы оркестр ақтөбеліктердің сүйікті шығармашылық ұжымы ретінде, ыстық ілтипатына ие.